Біз озық ойлы ел боламыз десек, кітап оқитын ел болуымыз керек – Президент

193

Мәдениет пен өнердің ағартушылық әлеуеті орасан зор. 

Біз озық ойлы ел боламыз десек, кітап оқитын ел болуымыз керек – Президент Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы елімізді көркейту – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясының мақсаты да осыған негізделгенін айтты, деп хабарлайды  inbusiness.kz сайты.

– Жалпы, тазалық пен мәдениет – егіз ұғым. Мәдениеті жоғары қоғамның табиғаты да, таным-түсінігі де таза болары анық. Ұлтты өрге бастайтын қасиеттің бірі – білімге, оқуға деген құштарлық. Шерхан Мұртазаның "Мәдениеттің мәйегі – кітап" деген сөзі бар. Біз озық ойлы ел боламыз десек, ең алдымен, кітап оқитын ел болуымыз керек. Әрине, қазіргі ғаламтордың үстемдігі кезінде бұл мақсатқа қол жеткізу оңай емес, күрделі, бірақ бәріміз соған жетуіміз керек. Қазір бұл бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Жас қаламгерлерге арнайы Президент сыйлығы беріле бастады. Биыл алғаш рет "Ұлттық кітап күнін" атап өттік. Халқымыз осы маңызды бастамаға барынша қолдау білдірді. Әсіресе, жастарымыз ерекше белсенді. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғаса береді, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы елімізде соңғы жылдары ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын еске салып, бұл үдеріс саясат пен экономикадан бастап, барлық салаға әсерін тигізгеніне тоқталды. 

– Ұлттық болмысымыз заманға сай өзгере бастады. Мұны реформаның тағы бір маңызды нәтижесі деуге болады. Мәдениет пен өнердің ағартушылық әлеуеті орасан зор. Бұл сала ұлт санасын жаңғыртуға ерекше ықпал етеді. Өскелең ұрпақ сіздердің туындыларыңыздан тәлім-тәрбие алады. Қоғамда жаңа этика мен құндылықтар қалыптасады. Өнер-білім арқылы жастарымыз жасампаз, жаңашыл әрі еңбекқор болып өседі. Сонда біз шын мәнінде Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Өркениетті мемлекет боламыз. Мәдениет және өнер қызметкерлері осы маңызды жұмысқа зор үлес қоса береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент сөзін қорытындылай келе, мемлекет алдағы уақытта да мәдениет өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсете беретінін атап өтті.

– Бүгін ұлттық өнердің майталманы Қайрат Байбосыновқа "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы беріледі. Халқымыздың жан-дүниесін айшықтай көрсететін халық өнері әрдайым төрде болуы керек. Бұл марапат – әйгілі әншінің өлшеусіз еңбегі мен ұлттық өнерімізге деген ерекше құрметтің белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу
OSZAR »