Премьер-министр Олжас Бектенов балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биыл екі жүз мыңнан астам бала мектеп бітіреді. Міндет айқын. Барлық емтихандарды, ұлттық бірыңғай тестілеуді, балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыру керек. Тестілеу мен емтихан кезінде, "соңғы қоңырау" және мектеп бітіру кештерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Өйткені дәл осы кезеңде түрлі келеңсіз жағдайлардың қаупі арта түседі. Ата-аналарға айтарым, мектеп бітіру кештерінде, ең бастысы жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаған жөн", - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектеновтің сөзінше, ешқандай министрлік ата-ана қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды.
"Еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу – мемлекет пен қоғамның бірлескен үлкен еңбегінің жемісі. Сондықтан саналы, білімді және нағыз отаншыл азаматтарды қалыптастыруда күш-жігерімізді нығайта түсейік дегім келеді. Өз кезегінде, мемлекеттік органдар балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын жақсы өткізу үшін қажетті жағдай жасағаны жөн. Бірде-бір бала назардан тыс қалмауға тиіс. Көп балалы, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға басымдық берілсін. Әкімдер балалар лагерлерінің ашылуын және олардың санитариялық-эпидемиологиялық, өртке, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін жеке бақылауға алсын", - деді Премьер-министр.