Сыра ішетіндерді жылататын жаңалық жарияланды

21698

Сыра өнімдерін таңбалауды енгізу бұл ішімдікті бұқараға қолжетімсіз етуі мүмкін. 

Сыра ішетіндерді жылататын жаңалық жарияланды Фото: freepik

Ел Үкіметі сыра өнімдеріне қатысты таңбалауды енгізіп жатыр. Осыған орай жауапты меморган – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қоғамдық тыңдаулар өткізуде.

Оған сала бизнесмендері, қоғамдық бірлестіктер мен қауымдастықтардың, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылды.

Ведомство оларға бірыңғай оператордың сыра өнімдерін таңбалау мен қадағалау жөніндегі қызметтерінің құнын жариялады. Мысалы, кәсіпкерлер енді сыраның әрбір шишасына тиісті марка жабыстыруы керек.

Әрбір марка әрине, тегін емес, ақша тұрады. Біз квазимемлекеттік сектордың бизнес пен тұтынушы үстінен қанша миллиард табыс табатынын білдік.

Айта кету керек, 2020 жылдан бастап, "Қазақтелеком" Қазақстандағы тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор болып тағайындалды. Бүгінде елде 4 өнім тобына міндетті таңбалау енгізілді, бұлар: тері-былғары бұйымдары, аяқ киім, темекі бұйымдары және дәрі-дәрмек.

Енді келесі өнім топтарын таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске қосылуда, бұлар: мотор майлары, сыра қайнату өнімдері, зергерлік бұйымдар, БАД-тар және басқасы.

"Қазақтелекомға" қарасты "Tañba" Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың өкілдері сыра бойынша тауарлық топтың таңбалау тарифі неден тұратынын, шығыстардың құрамын ұсынды.

"Бірыңғай оператордың қызметтерінің құны баға қалыптастыру қағидаларына сәйкес, "шығысты әдістеме" (по затратному методу) негізінде түзіледі. Біз қоғамдық тыңдаулар өткізу арқылы осы қызметтің бағасын қалыптастыру рәсімдерінің мөлдірлігін паш етеміз. Сондай-ақ бірыңғай оператор бұл істе тұтынушылардың мүдделерін ескеретінін көрсетті", – деді мемкірістер комитеті өкілдері.

Алайда кәсіпкерлер мұның бәрін құр көлгірсу және көзбояушылық санайды. Олар қоғамдық тыңдаулардан пайда шамалы екенін, монополист, яғни, бірыңғай оператор таңба бағасын қанша көлемде белгілегісі келсе, ақырында солай болатынын, оның құнын түсіруге талпыныстар еш нәтиже бермегенін айтып, шағымданады.

Қазіргі кезде қоғамдық тыңдаулар тәмамдалуға таяды. Олардың қорытындысында жиналған барлық материалдар антимонополиялық органға – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жіберіледі.

Айта кету керек, осының алдында сыра өнімдерін таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып, сынақтан өткізілген болатын. Эксперимент 2024 жылғы 15 ақпаннан 2025 жылғы 31 наурызға дейін созылды.

Адам денсаулығына еш пайдасы жоқ, зияны көп, бірақ миллиондаған қазақстандық пен ел қонақтары сүйсіне ішетін осы ішімдікті енді тұрақты түрде таңбалау басталады.

Бірыңғай оператордың түсіндіруінше, таңбалау алгоритмі келесідей:

• Өндіруші өнімге, оның қаптамасына қайталанбайтын, бірегей Data Matrix кодын жапсырады және тауарды дистрибьюторға, дилерге, көтерме сатушыларға жібереді.

• Таратушылар тауарды қабылдайды, әрбір марканы сканерлейді, тіркейді, тек осы жұмыстар аяқталған соң ғана тауар партияларын дүкендер мен супермаркеттерге жеткізу алады.

• Дүкен өз кезегінде, тауарлардың жаңа партиясын алғанда қаптамалардағы кодтарды арнайы аспаптың көмегімен оқиды, әрбір кодты компьютердегі арнайы базаға жеке-жеке енгізеді және тауарды бақылау-кассалық машина арқылы сатады.

• Бірақ дүкеншілердің қиындығы да мұнымен бітпейді, әрбір тауарды сатқан сайын, оның таңбасын "өшіруге", яғни базадан шығаруға тиіс. Кассадағы  2D-сканер таңбалауды оқиды және кодты айналымнан шығарылады.

Шығармаса, шағын және орта бизнеске үлкен айыппұл салынып, жазалайды.

Бірыңғай оператордың сендіруінше, осы арқылы әрбір өнімнің таза екені, контрафакт немесе контрабанда еместігі қамтамасыз етіледі. Әрбір клиент тауардағы таңба арқылы оның түпнұсқа әлде жалған екенін тексере алады.

Алайда, қоғамдық тыңдауларға қатысқан кәсіпкерлердің бәрі дерлік бұл байламдармен келіспеді. Олардың айтуынша, біріншіден, таңбалаудың еш пайдасы жоқ. Өйткені контрафакт және контрабандалық өнімге де таңба баса салуға болады. Бұл жалған тауар тасқынына тегеурінді тосқауыл емес.

Екіншіден, таңбалау отандық бизнестің шығынын күрт арттырды. Таңбалаумен айналысу үшін білікті мамандарды, бухгалтерді, бағдарламашыны, қосымша қызметкерлерді жалдауға тура келген. Марканың және оны оқитын 2D-сканердің, басқа да аспаптардың шығындары да қосылды.

Осының бәрі таңбалау енгізілген барлық тауарлардың Қазақстанда күрт қымбаттауына соқтырды. Мұны көре тұрып, мысалы, Еуразиялық одақ мүшесі Армения, Беларусь пен Қырғызстан таңбалау-маркировканы кеңінен енгізуден бас тартқан. Тек белсеніп жатқаны – идея авторы Ресей, сондай-ақ оны қызу қостаған Қазақстан.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер тұтынушылардың да таңбалауды пайдалана бермейтініне назар аудартты. Бір жағынан, бірыңғай оператор қоғамда кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізбейтіндіктен тұтынушылар таңбалаудың не үшін керектігін, ол арқылы не істеуге болмайтынын білмейді екен.

Екіншіден, таңбалау бойынша өнімнің шығу-тегін тексеру де күрделенген. Мысалы, сатып алушылар осы таңба кодын оқу үшін "Naqty Onim" атты мобильді қосымшасын жүктеп алуға тиіс. Сонда ғана тауардың қайда шыққанын тексере алады.

Халықтың көбісінің қолында арзанқол смартфон: олардың оперативтік және ендірме (карта) жады шағын болғандықтан тез толып қалады. Ал, Naqty Onim қосымшасының салмағы бастапқы күйдің өзінде 18 мегабайттан көп көрінеді.

Сондықтан қазақстандықтар ұялы телефонының жады лық толмауы үшін күнделікті пайдаланатын қосымшаларды ғана қалдырып, өзгесін өшіреді. Заттарды таңбалау қосымшасы "күнде қажет" санатына жатпайды.

Жалпы, қазақстандықтар да, Мәжіліс депутаттары да таңбалаудың пайдасынан зияны көп болып тұрғанын айтып жүр. Мысалы, дәрі-дәрмекті таңбалау енгізілгелі дәріханалар халықтың сұрауымен, валидол, парацетамол және басқа да өмірлік маңызды дәрілік препараттардың қаптамаларын ашып, блистерлерін жеке-жеке сату мүмкіндігінен айрылыпты.

Енді сырқаттардан бірден қаптамасымен алу талап етіледі. Әр тиынын санаған ауру жандар қамығып, тауы шағылып қайтады.

Сонымен, "Tañba" Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай операторы "сыра қайнату өнімдері" тауарлық тобы бойынша бақылау-сәйкестендіру белгісінің әрбір бірлігінің құнын қосылған құн салығын қоспағанда, 3,06 теңге деп белгілеуге ниетті.

Ресми статистика бойынша 2024 жылы Қазақстанда 643 миллион 210 мың литр сыра өндірілген және сатылған.

Бұл 2023 жылғыдан 3,1% кем: алдыңғы жылы елдің сыра нарығы 663 миллион 664 мың литрді құраған болатын.

Сыраның шөлмегінің немесе банкісінің стандартты сыйымдылығы 500 миллилитрден аса бермейді. Демек, бір жылдың ішінде Қазақстанда кем дегенде 1 286 420 000 бөтелке-банкі сыра өндіріліп, өткізілген.

Негізі, сыраның 350 миллилитрлік және басқа да шағын банкілері мен бөтелкелері көп екені мәлім, ендеше бөтелке мен банкі саны бұдан да артық болса керек.

Ұлттық статистика бюросы сыраны тек литрмен есептейді, құтыларын санамайды. Себебі, бұл қызуы төмен ішімдіктің бір бөлігі пластик бөтелкемен де, кегтерге құйылып та сатылады.

Осылайша, ең кемі 1 286 420 000 бөтелке-банкіге маркасын жапсыртқызғанның өзінде, монополист кем дегенде 3,9 миллиард теңге табыс табады екен. Осы арқылы "ауадан ақша жасайды".

Сыра қайнатушылар таяуда, таңбалау толық қолданысқа енгізілгеннен кейін елде сыра бағасы қымбаттайтынын жоққа шығармады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу
OSZAR »