Еліміздің травматологтары күн сайын мыңдаған адамға аяғынан нық тұруға көмектеседі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Былтыр еліміз бойынша 240 мыңнан аса науқасты травматолог-дәрігерлер емдеген. Ашық сүйек сынуы, күйіктер, жол-көлік оқиғалары, күрделі буын операциялары – мұндай әрбір жағдайдың артында кадр сыртында қалып жататын, бірақ әрдайым шешуші рөл атқаратын дәрігерлер командасы тұрады.
"Бүгінде елімізде 1508 травматолог, оның ішінде 174-і ауылдық жерлерде қызмет етеді. 2024 жылы стационарларда жарақат алған 240 мыңнан астам пациент емделді, ал ауруханаішілік өлім көрсеткіші 1,1%-ға дейін төмендеді. Бұл медициналық көмектің сапасы артып келе жатқанын көрсетеді. Өткен жылы жалпы жарақаттану көрсеткіші де 2023 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға төмендегені байқалды", – делінген Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратта.
2024 жылы жарақатқа байланысты жедел жәрдем шақыртуларының жалпы саны 741 728-ге жетті:
- Оның ішінде жол-көлік оқиғаларына байланысты шақыртулар 4,6%-ға өсіп, 47,8 мың;
- Жарақат пен улану жағдайларымен ем алғандардың құрылымында негізгі үлесті қол-аяқ жарақаттары алады (35%);
- Бас және мойын жарақаттары (24%);
- Улану мен басқа да жарақаттардың әрқайсысы 10%-ды құрайды.
Денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде ел бойынша травматологиялық төсектердің саны 9,7%-ға арттырылып, арнайы бөлімшелер мен кабинеттердің желісі кеңейтілді.
Травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсету үшін көпбейінді стационарларда 160 травматология-ортопедия және күйік бөлімшесі жұмыс істейді, оның ішінде 47-сі балаларға арналған, сондай-ақ, 80 травматологиялық пункт бар. Амбулаториялық-емханалық ұйымдарда 291 травматологиялық кабинет қызмет көрсетеді.
Оңалту қызметтердің дамуына ерекше назар аударылып отыр: мұндай қызмет көрсететін орындардың саны 1218-ден 2251-ге дейін өсті, бұл мүгедектік деңгейін азайтуға және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Қазақстанның травматологиялық-ортопедиялық қызметті дамытуда елеулі жетістіктерге қол жеткізгені атап өтуге тұрарлық. Соңғы жылдары тірек-қимыл аппаратының жарақаттары мен аурулары бар пациенттерге көрсетілетін көмек жүйесі барынша қолжетімді, технологиялық және оңалтуға бағытталды.